21.09.2018

Ақтау қаласына 55 жыл


Ақтау қаласының 55 жылдығына арналған облыс әкімі Ералы Тоғжановтын қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Жиын «Астана – ұлы дала жүрегі, Ақтау – теңіз жолы тірегі» Президенттік мұрағат пен Маңғыстау облыстық мұрағатының тарихи құжаттар және Ақтау қаласына арналған фото және суретшілер көрмесінен басталды.

Қаланың тарихы  1963 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Ақтау қаласы мәртебесін иеленген сәтінен бастау алады. Өзіндік ажарымен, әлеуетті қайрат-қажарымен, бақуатты өмір базарымен бой түзеп, айдынды, айбынды қала атанған Ақтаудың жылдан-жылға көрік-келбеті құлпырып келеді. Әлеуметтік экономикалық көрсеткіші артуда. Өңірде заман талабына сай инфрақұрылым қалыптасып, жаңа шағын аудандар, спорт алаңдары мен білім ошақтары салынып жатыр.

«Қазіргі таңда Маңғыстау аймағы біртіндеп күллі әлем көз тіккен ұтымды көлік-логистикалық орталыққа айналып келеді. Соның айғағы ретінде халықаралық «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің маңызды құрамдас бөлігі саналатын «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» бағытындағы теміржол желісі тартылып және осы бағыттағы автомобиль жолы қатынасы қолға алынды. Сондай ақ «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» құрлықтық төте жүк-көлік тасымалын жүзеге асыруда өзіндік орны бар Ақтау теңіз-сауда порты мен Құрық паром кешенінің жұмысын бастауы Маңғыстаудың зор келешегіне кепіл бола алады. Өткенде ғана өздеріңіз куә болғандай Каспий жағалауы елдерінің саммитінде  бес мемлекеттің басшылары дәл осы Ақтау төрінде бас қосып, жиырма жыл талқыланған конвенцияға қол қойды. Сол арқылы Ақтау әлемдік қауымдастыққа жаңа қырынан танылды. Бұл ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің және биік беделі мен асқақ абыройының жемісі», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов 13 адамға «Ақтау қаласының құрметті азаматы» төсбелгілерімен марапаттады. Олардың ішінде археолог Андрей Астафьев, еңбек ардагері және Ақтау қаласының құрылысшысы Жақсығали Джакиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Роза Айдарбаева, Юрий Юрий Кержбаум, «Шалом» Еврей ЭКО-ның және «Чернобыль» аймақтық одағының төрағасы, Айгүл Қосанова және басқалар. 15 адам «Ақтаудың 55 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

Мерекелік кеш ҚР мәдениет қайраткерлері  Роза Рымбаева, Айгүл Қосанова,  Ұлықпан Жолдасов сынды республикаға белгілі өнер жұлдарырымен жергілікті  өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. 

Дерек көзі: Облыс әкімінің баспасөз қызметі