30.11.2017

Ақтауда «Дина» сауда кешені ашылды


Бүгін Ақтауда «Дина» гипермаркеті салтанатты түрде ашылды. Шараға аймақ басшысы Ералы Тоғжанов арнайы барып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

 Жобаға 3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Қазір ауқымды сауда орны 340 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 8000 шаршы аумақты алатын орталықтың сауда сөрелерінде 40 мыңнан астам тауар түрлері қойылған. Оның 70%-ы Отандық өнімдер.

«Жаңа жобаның ашылуына инвесторлар тарттық. Егер де елде тұрақтылық болмаса, кәсіпкерлер келмес еді. Сондықтан тәуелсіздіктің жемісі – тұрақтылықтың арқасында азаматтар қаражаттарын салып, осындай үлкен орталықтың ашылуына мүмкіндік жасап отыр. Нәтижесінде қаламыздың архитектуралық келбетін көркейте түсетін, сауда алаңында 340 адам жұмыспен қамтылды. Екіншіден, Отандық тауар мен өңіріміздің ауылшаруашылық өнімдеріне үстеме баға қоспай сатуға келісіп отырмыз. Мекеменің 1 күндік тауар айналымымы 20 миллион теңгені құрайды деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде бюджетке түсетін, салықпен төленетін, түбінде халыққа беретін ақшаның саны да көбейеді деген сөз. Мыңдаған адамға қызмет көрсететін ұжымға толағай табыс тілеймін»,- деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Облыс тұрғындары мұнда кез-келген тауар түрлерін қолжетімді бағамен сатып ала алады. Себебі арзан әрі қауіпсіз азықпен қамтамасыз етілген.  Компанияның тауар айналымы жоғары,  дистрибьюторлармен және тауар өндірушілермен көптеген келісім-шарт орнатқан. Айта кетейік, қала бойынша тауарларларға ең арзан баға қойылған.

Дерек көз: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі