29.11.2017

Маңғыстауда «Рухқа–ұран, ұлтқа – қорған!» атты Республикалық ақындар айтысы өтуде


2017  жылдың  29-30 қараша күндері Маңғыстау облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында  Тұңғыш  Президент  күніне  арналған  «Рухқа–ұран, ұлтқа – қорған!»  атты  республикалық  ақындар  айтысы  өтеді.

Алдымен, облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірге келген бір топ айтыскер ақындар мен қазылар алқасын қабылдады. Кездесуде салиқалы әңгіме өрбіп, сөз сардарлары шараның ұлт үшін маңызды әрі  бірегей жоба екенін айтты. «Айтыс-ұлттық болмысты ұлықтайтын ұлы өнер. Өрісі кең. Зерделі сөздің толымды ортасы. Сондықтан салт дәстүрдің қаймағы бұзылмаған киелі өлкеде айтыстың ұйымдастырылуына мүмкіндік жасағаныңыз үшін алғыс айтамыз деді»,- жиналғандар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құр­лығына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады»,- деген болатын. Ол үшін  символдық қалқанымыз әрі Отандық  мақтанышымыздың қайнар бұлағы – ұлттық өнеріміз дәріптелу керек.Сондықтан заманның жетістігін жырлайтын сөз шеберлері Маңғыстауда бас қосты.

Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – айтыс өнерінің дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету,  еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген құндылықтарын,  өңірде жүзеге асырылып жатқан жасампаз жобаларды дәріптеу,Маңғыстау айтыс мектебінің шығармашылық әлеуетін насихаттау.

«Абыл мен Нұрым, Қашаған мен Сәттіғұлдай сөз зергерлерін тудырған Маңғыстау топырағында, көнеден жеткен бекзат өнер, суырып салмалық-импровизаторлық шығармашылықтың биік шыңы – айтыстың шабысы қайта жаңғырды. Айтыс – бет жыртысып, жауаптасу емес, саясаттан ада, ордалы Ойы,  сұңғыла Сөзімен тыңдарманның көңіл түкпіріне ой салып, замана сазын толғап, елдікке, ынтымаққа үндеу! Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының сөзімен айтар болсақ: «Биік талғамды тек салихалы өнер, салауатты суреткер ғана өсіреді. Биік талғамсыз биік парасат жоқ. Ал биік парасат үлкен жауапкершілік. Бүгінгі үлкен өзгерістер онсыз жүзеге аса алмайды. Рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді». Себебі, сана өзгермей, сапа өзгермейді. Сондықтан ақындарымыз «Рухани жаңғыру» ұғымын тереңнен талдап, осы ұғым аясындағы отансүйгіштік, Тәуелсіз еліміздің жетістіктерін жан-жақты жырлай білулері керек.Сөз қадірі төмендемей, бүгінгі айтыстың дүбірі дүниені шарласын, тыңдаушының құлақ құрышын қандырсын! Мерекеміз құтты болсын!»,- деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Жыр бәйгесіне өңірдің әр түкпірінен 16 ақын қатысуда. Олардың қатарында Мэлс Қосымбаев, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Шалқарбай Ізбасаров, Қазырет Бердіхан, Аспанбек Шұғатаев, Мақсат Аханов, Ершат Қайболдин, Шұғайып Сезімханұлы, Жанар Айлашова, Фархад  Мусаев, Абай  Жолмағанбетов, Алтынбек  Сүйінбекұлы, Азамат  Орынбасаров сынды өнерпаздар бар.

Сұлу сөздің кереметін көрсетіп, өлең құмар қауымның шөлін қандырған додада айтыскерлердің от ауыздылығы, өткірлігі, шешенділігі бағаланбақ. Оларды сараптап, төрелік ететін қазылар алқасының мүшелері де осал емес. Қара қылды қақ жарған төралқа құрамында жазушы, кинодраматург, Жазушылар  одағының хатшысы Смағұл Елубаев; Қазақстан  Жазушылар  Одағы  мен Қазақстан  Журналистер  Одағының мүшесі,  Қазақстан Республикасы  Президентінің бұқаралық  ақпарат  құралдары саласындағы  сыйлығының  лауреаты  Намазалы Омашев; ҚР халық ақыны,  ҚР  мәдениет саласының  үздігі Әсия Беркенова; Қазақстан  Жазушылар  одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының  және Қазақстан  Республикасының Мемлекеттік  сыйлығын  иегері Несіпбек Айт; ҚР  Жазушылар  одағының мүшесі Светқали  Нұржан  бар.

Сондай-ақ, шара аясында «Елбасы және рухы жаңғырған Маңғыстау» деп аталатын фотокөрме өтті. Көрмеге 100-ге жуық суреттер қойылған. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов арнайы барып, Елбасының өңіріміздегі сапары барысындағы суреттер мен аймақта өткен тарихи шаралардың көрінісін тамашалады.

Дерек көз: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі