27.11.2017

Жаңаөзендегі жол апатына байланысты жаңа деректер пайда болды


27 қараша күні Жаңаөзендегі жол апаты бойынша уәкілетті басқарма басшыларымен және өкілдерімен брифинг өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қараша күні Жаңаөзен маңындағы Теңге елді-мекенінің теміржол өткелінде тепловоз бен «ГАЗель» көлігі соқтығысқан болатын. Апат салдарынан 9 адам қайтыс болып, 27 адам әр түрлі жарақат алған.  

Маңғыстау облыстық ІІБ бастығының орынбасары Алдирза Қуанышкереевтың хабарлауынша, газель автокөлігінің жүргізушісі Құрбанбаев оқиға орнында қайтыс болған. Ол Өзбекстан Республикасының азаматы, Маңғыстау облысында уақытша тіркелген.

Ал, осы автокөлікте кондуктор болған оның жары қазір ауруханада жатыр.  Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі «Көлік құралын басқаратын жүргізушінің 2 және одан да көп адамның өліміне әкеп соғатын әрекеттер жасауы» бойынша іс қозғалған. Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 344-бабы, 3-бөлігі «Теміржол көлігі қозғалысында қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша да іс тіркеліп отыр. Қазіргі таңда 128 бапқа сәйкес, жол-көлік оқиғасы кезінде теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, теміржол өткелінде болуы тиіс күзетші ұсталды. Себебі, наркологтың сараптама қорытындысы бойынша, теміржол өткелі күзетшісінің масаң күйде болғаны анықталды,-деді Алдирза Қуанышкереев.

Тергеу кезінде анықталғандай, 15 адамға шақталған жолаушылар көлігінде 30-дан астам адамның болғаны айқындалды. Соңғы рет газель жүргізушісі Жаңаөзендегі коллледжге тоқтаған. Осы жерден 15 студентті отырғызыпты. Діттеген жерге 1 аялдама қалғанда қайғылы жағдай орын алған.

Ал, төтенше жағдай департаментінің басшысы Қуанар Базарбаевтың мәлімдеуінше, жол апатының болғаны туралы хабар түскеннен кейін Жаңаөзендегі құтқарушылар тобы дереу кетіп, оқиға орнына 3 минуттан кейін барған. Газельден 5 қаза болған адамның денесін шығарып, жарақат алған 5 жолаушыны құтқарған. Зардап шеккендер дереу жедел-жәрдем көлігіне жеткізілген.

Жол апатынан кейін 27 жолаушы Жаңаөзен қалалық ауруханасына жеткізілген. Ауыр халде жатқан 9 адам Ақтау қаласындағы орталық ауруханаға ауыстырылған. 2 бала – облыстық балалар ауруханасына жіберілген. Соңғы аталғандардың жағдайлары нашар, ауыр халде. Тағы 1 науқас облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімінде. 6 адам Жаңаөзен қалалық ауруханасында емделуде, ал 18 адам – травматология бөлімінде жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, Жаңаөзен қаласына Астанадан балалар травматологы мен хирургы келген.  Оқиға аймағында арнайы штаб құрылды. Қаладағы барлық медициналық ұйымдар жұмылдырылған. Қазіргі кезде қанның және дәрі-дәрмектің жетіспеушілік мәселесі жоқ,-деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Клара Оралбаева. Сонымен бірге, Газель автокөлігі жеке тұлғаның иелігінде екені анықталды. №3 бағыты бойынша жүретін көлік 2016 жылы жалға алынған. Қалалық әкімдіктің ақпаратына сәйкес, 3 жылға куәлік беріліпті. Сондықтан газел жақсы техникалық жағдайда болған,-деді сөз алған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Табжанов. 

Жол апаты болған учаске керекті тосқауыл мен ескерту құрылғылары: бағдаршам, шлагбаум, қосымша белгілер, өтпелі кедергілермен жабдықталған. Бұл туралы «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ – «Маңғыстау бөлімшесі ЖТ» бастығының бірінші орынбасары Ерлан Бүркітов хабарлады. Қазір ҚТЖ қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізуде. Оқиға орнында жол апаты бойынша ертең нақты шешімін шығаратын комиссия мүшелері жұмыс жасап жатыр. Аталған теміржол бөлігінде сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Ал, тепловоз жүргізушісі сағатына 65 шақырым жылдамдықпен жүрген және сол уақытта шұғыл тоқтаған. Машинист 100 метрден көлікті көргеннен кейін шұғыл тоқтауға мәжбүр болған. 156 шақырымда тепловоз тоқтаған. Қазіргі таңда жүргізуші мен оның командасының әрекеттері толықтай дұрыс және нұсқауларға сәйкес келетінін айта аламыз,-деді Ерлан Бүркітов. 

Облыстық прокуратура мамандары да аталған оқиға бойынша айналысып жатыр. Нақты қай тараптың: газель жүргізушісінің, тепловоз машинистінің не теміржол бағыты диспетсчерінің іс-әрекетінің  заңдылығын анықтайтын болады.

Жол апатынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына 20 миллион теңгені бөлінбек. Атап айтсақ, апатта қаза болғандардың отбасыларына 1 млн.теңге, ауыр халде жатқан 9 адамға 500 мың теңге беріледі. Тағы жапа шеккен 18 адамға 300 мың теңге бөлінеді. Сонымен бірге, бүгін аймақ басшысының төрағалығымен өткен аппараттық жиында облыстағы барлық мемлекеттік органдардың 1 күндік жалақысын жол апатында зардап шеккендердің отбасыларына аудару туралы шешім қабылданды.

Жаңаөзен қаласындағы әкімдік жанынан 15 адамнан тұратын комиссия құрылды.  Комиссия мүшелері жол апатынан көз жұмған және жараланған отбасыларға көмек көрсетумен айналыспақ. Сондай-ақ, материалдық көмек көрсету үшін қайырымдылық қоры құрылды. Комиссия мен қайырымдылық қорының жұмыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тікелей қадағалайтын болады,-деді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Звира Есбергенова.                                                                                                                                                                           

Источник: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі