27.11.2017

2017 жылы мұнай кәсіпорындарына қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 9 млн. теңгеден астам айыппұл салынды


Бүгін облыс әкімдігінде аппараттық жиын өтті. Жиналыста өзекті мәселелер талқыланып, тапсырмалар берілді.

Алдымен,  жиналғандар Жаңаөзендегі қайғылы апатта қаза тапқандарды еске алып, облыс әкімі Ералы Тоғжанов олардың отбасыларына көңіл айтты. Барлық мемлекеттік органдар 1 күндік жалақысын аударуға шешім қабылдады.

Күн тәртібінде бірінші, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бүгінгі таңда Департамент бақылауында 490  кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде: шикі мұнай мен газды өндіру саласында - 30, техникалық қолдау саласында - 23, авариялық-құтқару жұмыстары саласында - 2, тау-кен өнеркәсібі саласында – 107 мекеме бар. Бұл өндірістерде 30 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектілер пайдаланылуда,-деді Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Рахман Қалиев.

Департамент ағымдағы жылдың 10 айында 63 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормалар мен ережелерді бұзу бойынша 2000 кемшілік анықталып, 1097-сі орындалған.  Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 51 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 9 938 220 теңгені құрайтын айыппұл төлеген.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қауіпті өндірістік нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын жақсартуға нақты және жүйелі жұмыстарды іске асыру керектігін тапсырды.

Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу саласы талқыланды. Осы жылы 214 млрд. теңгеден астам құрайтын мемлекеттік сатып алудың 7147 лотына камералдық бақылау жүргізілген. Нәтижесінде  27 млн. астам теңгені құрайтын 599 лотта заң бұзушылық айқындалған. Оның ішінде, конкурсттық құжаттамада заңсыз талап қарастырылғаны үшін, 363 лотқа ескертулер жіберілген. Алдын ала әлеуетті өнім берушілерге толық мағлұмат берілмегені үшін 682 млн теңгені құрайтын  23 лотқа заң бұзушылықты қалпына келтіру үшін ескертпелер берілген. Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтар мемлекеттік сатып алу комиссия құрамының кәсіби біліктілігінің  төмендігінен жол берілген,-деді баяндамашы облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Аят Қарсыбаев.

Облыстағы барлық мәселелер Қоғамдық кеңестің бақылауында. 2017 жылы Қоғамдық кеңестің 50-ден астам отырысы өткізіліп, жұмыс жоспарына сай 94 нормативтік-құқықтық актілер қаралып, тиісті шешімдер берілген. Аймақ басшысы кеңестің рөлін күшейтіп, барлық мемлекеттік органдардың басшыларының есебін кеңес отырысында тыңдап, талқылау керектігін айтты.

Дерек сөз: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі