22.11.2017

Маңғыстауда облыстық мәслихаттың хатшысы сайланды


Бүгін Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс 14-сессиясында депутаттардың ұсынысымен мәслихат хатшысы болып Серікбай Трұмов сайланды.  Халық қалаулары қолдап, дауыс берген Серікбай Трұмов сессияда жаңа қызметіне кірісті. Серікбай Өтегенұлы осыған дейін Ақтау қаласының әкімі болған.

Әдеттегідей сессияның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Алдымен, 2017-2019 жылдарға арналған өңір бюджетіне енгізілген өзгерістер талқыланды.

Облыс бюджеті 2017 жылы 162 млрд. теңге көлемінде бекітілген болатын. Жыл басынан бері өңір қазынасы үш рет нақтыланып, нәтижесінде қазіргі күні облыс бюджетінің көлемі 176 млрд. теңгені құрап отыр, деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан  Ілмұханбетова.

Биыл бюджет параметріне бірнеше өзгерістер енгізілген.  Оның ішінде ағымдағы трансферттер бойынша - денсаулық сақтау саласында амбулаториялық деңгейде дәрiлiк заттарды және басқа да препараттарды сатып алуға қосымша 170 млн.теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығы жануарларын, техниканы сатып алуға несие беруге қосымша 21,7 млн.теңге қаражат қаралған. Ал, транспорттық инфрақұрылымды дамытуға қосымша  10,3 млрд. теңге қарастырылып отыр. Аталған қаражат «Қияқты-Тұщықұдық», «Құрық – Құрық порты» автожолын қайта құрылымдауға және «Ата жолы» тасжолынын 51 шақырымын  жасауға бөлінген.

Биыл бюджет түсімінің өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 7-10% құрайды. Бірақ, болжанған жоспардың орындалмау қаупі бар. Осыған байланысты, бюджет қаржысының 100% игерілуін қамтамасыз ету мақсатында аудандар мен қалалар өз бюджеттеріне талдау жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен бірге, салықтарда толық түспеген. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов биыл тек Бейнеу және Мұнайлы аудандары ғана жоспарды орындап, толық межеге жеткенін айтты. Сондықтан жыл аяғына дейін салықтардың толық төленуін қамтамасыз етуді аудан әкімдеріне тапсырды.

Облыста құны 4 млрд. теңгеден асатын 9 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, Ақтау қаласында 225 пәтерлік тұрғын үй, барлығы 1260 орындық 5 балабақшамен облыс орталығында 3 спорт залдың құрылысы жүргізілуде. Биыл 4 балабақша және бір спорт залы пайдалануға берілетін болады. Облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова жиында тағы жалпы құны 57 млрд. теңге болатын 7 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын ұсынды. Аймақ басшысы жобалардың ішіндегі маңыздыларын атап өтті. «Ең алдымен, Құрық ауылында қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауытын салу мәселесі. Мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Әріптестік арқасында осындай жобаны қолға алып отырмыз. Егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік болады»,- деді Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ, Мұз сарайын салу Маңғыстауға өте қажет екенін айтты. Жиын соңында аталған жобаларды депутаттар бірауыздан қолдап, бекітті.

Дерек көз: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі